Түркістанда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Адал азамат» жобасы аясында ақпараттық-насихаттық кездесу өтті. Облыстық прокуратура мен Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған жиында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесі талқыланды.
Білім алушылардың бойындағы азаматтық жауапкершілікті күшейту, патриоттық сезімді нығайту – жобаның басты бағыттарының бірі. Мінберде сөз алған қонақтар қоғамдағы заң мен тәртіптің маңыздылығына тоқталып, жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың тетіктерін таныстырды.
ГҮЛСАРА ТОҚҚҰЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Өмірдің барлық бастауы осы кішкентай қадамнан басталады. Колледждің білімі – ең құнды білім деймін. Колледжде сіздерден күнделікті дәріс сұрап, оны тереңдетіп түсіндіреді. Сондықтан осындай мықты білім ордасында оқып жатқандарыңызды бағалау керек.
«Адал азамат» бағдарламасы арқылы ұлттық білім беру саласында біртұтас тәрбие жүйесі енгізіледі. Жасампаз жастар ғана заң мен тәртіп үстемдік құратын қоғамды қалыптастыра алады. Сол себепті тұжырымдаманың мәнін ұрпақ бойына сіңіру қажет, – дейді жиынға қатысушылар.
АРУЖАН БЕРІКҚЫЗЫ, «ТҮРКІСТАН БОЛАШАҚ» ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Бүгін «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» атты іс-шара өткізілді. Бұл шарада бізге бес қағида бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Студенттеріміз белсенді қатысып, жақсы әсер алды.
Кездесу барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Прокуратура өкілдері жастарды ел болашағы үшін парасатты тұлға болып қалыптасуға шақырды.