Тазалық мәдениеті мектептен қалыптасады. Осы ойды ұстанған ұстаздар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ашық сабақтар ұйымдастыруда. Бұл жолы Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейде ашық сынып сағаты өтті.


 Акция қызғалдақ биімен басталды. Мектеп-лицейдің би үйірмесінің қыздары ерекше қойылыммен республикалық байқауларда топ жарған. Өзге оқушылар табиғатты қорғауға арналған өздерінің үй жұмыстарын көрмеге ұсынды. Алғыр шәкірттер тазалық жайында өз ойларымен бөлісті.


САБИНА САҒЫНТАЙ, ОҚУШЫ

Таза Қазақстан – әрқайсымыздың қолымызда. Еліміздің болашағы өз ісімізден басталады. Қоқысты жерге тастамай, табиғатты аялау – бұл нағыз азаматтық борыш.


НҰРАЙ ҚАСЫМХАН, ОҚУШЫ

Егер біз қоқысты жерге тастамай, ағаш егіп, суды үнемдесек – еліміз әдемі әрі таза болады.


 Ашық сынып сағатында оқушылар топқа бөлініп, тазалықтың алғышарттарын атаудан жарысты. Ойын түрінде өткен сабаққа балалар белсене атсалысты. Мұндай шара өскелең ұрпақтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастырады, – дейді ұстаздар.


ЖАНАР САРЖАНОВА, Д.И. МЕНДЕЛЕЕВ АТЫНДАҒЫ №15 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫ

Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында түрлі іс-шаралар өтуде. Мектептегі үйірме жұмыстары мен “Жер-ананы аялайық” тақырыбындағы сынып сағаттары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.


 Мектеп-лицейде 2556 бала тәлім алады. 178 мұғалім балалардың білімін шыңдауға өз үлесін қосып жүр.