Биыл елімізде - «Жұмысшы мамандық жылы». Бұл бастама еңбектің қадірін арттырып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған. Шымкенттегі «Bal Textile» кілем фабрикасы - осы үндеуге нақты іспен жауап беріп отырған кәсіпорындардың бірі. Мұнда ұлттық нақыш пен заманауи технология үйлесім тауып, жыл сайын миллиондаған сапалы кілем өндіріледі.


Фабрика іші тоқтаусыз қозғалыс. Жіптен өрнек, өрнектен сапалы кілем пайда болады. Осындай еңбектің ортасында өз ісін сүйетін жандар бар. Солардың бірі – Ұлбала Смат. Ол оверлок станогының операторы. Күн сайын жүздеген кілемнің шетін тігіп, әр бұйымға өз қолының ізі мен ыстық ықыласын қалдырады. Ұлбала үшін бұл тек жұмыс емес маңдай термен келетін өмірлік мектеп, адал еңбектің абыройы.


 ҰЛБАЛА СМАТ, ОПЕРАТОР

Осы фабрикада жұмыс істеп жүргеніме екі жылдан асты. Мен дайын кілемнің екі шетін тігемін. Кілемнің түсіне қарай жіп ауыстырып, тығыздығына байланысты станоктың жылдамдығын реттеймін. Өз қолыңмен жасаған өнімді көргенде, еңбегіңнің бос кетпегеніне қуаныш сезінесің.


АИДА НҰРЖАНБАЙ, ТІЛШІ:

Ел ішінде "Қазақстан ештеңе өндірмейді, бәрін сырттан алып тұтынамыз" дейтін түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты рас? Мәселен, мен дәл қазір "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында тұрмын. Мұнда 50 ге жуық цех пен өндіріс орыны жұмыс істейді. Тұрмысқа қажетті өнімнің түр-түрін жасап шығады. Соның бірі Балтекстиль кілем тоқу фабрикасы. Сарапшылардың сөзінше мұндағы станоктар Бельгиядан келген. Сондықтан да Европалық сапа стандарына толық жауап береді.


 НҮРКЕН ҚАРАҚҰЛОВ, ӨНДІРІС БОЙЫНША ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Біздің өнімдер Қазақстан нарығымен қатар шет елдерге де экспортталады. Атап айтқанда, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне жөнелтіледі. Жылына 6 миллион шаршы метрден астам кілем өндіріледі. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарықта сатылады.


 АИДА НҰРЖАНБАЙ, ТІЛШІ:

Зауытта 500-ден астам адам еңбек етеді. Күніне мыңдаған шаршы метр кілем тоқылып, ел нарығымен қатар шетелге де жөнелтіледі. Өнім түрлері мен дизайны — отандық мамандардың еңбегі, ал сапасы — халықаралық стандарттарға сай.


Жұмысшы қоғамның тірегі. Ал адал еңбек ел дамуының өзегі. Мұндай адамдардың еңбегі арқылы отандық өнімнің сапасы артып, «жұмысшы мамандығы» деген ұғым өз қадіріне қайта оралуда.