Шымкент қаласында алимент өндіру саласындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бүгінде 13 815 іс бойынша өндіріс жүріп жатыр. Қаладағы алимент қарызының жалпы көлемі 4 миллиард 637 миллион теңгені құрап отыр.


 2024 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 3 миллиард 990 миллион теңге өндірілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өсім бар екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, борыштың көбеюіне ең алдымен жұмыссыздық пен орташа жалақы деңгейінің төмендігі себеп болып отыр.


 Борышкерлерді еңбекке тарту мақсатында Еңбек мобилді орталығы мен жұмыспен қамту мекемелерінің ұйымдастыруымен тұрақты түрде «Бос жұмыс орындары жәрмеңкелері» өткізіледі. Нәтижесінде 89 борышкер жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл шаралар әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.


 Сот орындаушылары борышкерлерге қатысты мәжбүрлеп орындату шараларын да қолға алған. Банктік есепшоттарын бұғаттау, көлік құралдарын анықтау және тіркеуден шығару бағытында жұмыстар атқарылуда. «Сергек-Қорғау» жүйесі мен Жедел басқару орталығының көмегімен анықталған 10 көлік айыптұраққа қойылып, нәтижесінде 10 миллион теңге көлемінде алимент қарызы өндірілген.


 Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 669-бабы бойынша 302 борышкер жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 205 адамға әкімшілік қамау, 97 адамға айыппұл тағайындалған. Сонымен қатар 84 борышкерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша іс қозғалып, 75 іс тіркелген.


 Жүргізіліп жатқан бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғап, ата-аналық міндетін орындауға немқұрайлы қарамайтын қоғам қалыптастыру. Алимент өндіру бағытындағы бақылау мен жауапкершілікті күшейту – әлеуметтік әділдіктің және отбасылық құндылықтарды сақтау мәдениетінің маңызды бөлігі.