Президент Жолдауында көтерілген басым бағыттардың бірі – қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен еңбекке деген жаңа көзқарас қалыптастыру. Бұл орайда әйелдердің рөлі мен белсенділігі ерекше мәнге ие. Әйелдер кеңесі осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, қоғамдағы әйелдердің азаматтық, әлеуметтік және экономикалық белсенділігін арттыруға күш салып келеді.
Қазіргі таңда әйелдердің мемлекеттік қызметке араласуы, шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы артып отыр. Бұл – тең мүмкіндіктер қағидасын жүзеге асырудың нақты көрінісі. Қоғамда әйелдің тек отбасы тірегі емес, мемлекеттің дамуына үлес қосатын тұлға ретінде орны нығайып келеді. Мұндай өзгерістер әйелдердің білімін, кәсіби қабілетін және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған жобалар арқылы қолдау табуда.
Жолдауда атап өтілгендей, масылдық көзқарастан арылып, әр азаматтың өз еңбегімен табыс табуға ұмтылуы – қоғам ілгерілеуінің басты шарты. Осы тұрғыда әйелдер кеңесі еңбекке, кәсіпкерлікке және қаржылық сауаттылыққа баулуға арналған түрлі семинарлар мен оқыту бағдарламаларын жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Қаржылық сауаттылық – қазіргі заман әйелінің табысқа жетуінің маңызды тетігі. Отбасылық бюджетті дұрыс басқару, жеке ісін жүргізу немесе шағын кәсіпті дамыту арқылы әйелдер өз әлеуетін арттыруда.
Әлеуметтік саясаттың өзегінде – отбасы институтын нығайту мен әйелдердің қоғамдағы мәртебесін көтеру. Әйелдердің бастамасы мен ұйымдастырушылық қабілеті көптеген әлеуметтік жобалардың табысты іске асуына ықпал етуде. Балаларды тәрбиелеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын дәріптеу бағытында атқарылып жатқан шаралар да назардан тыс қалған емес.
Бүгінгі таңда әйелдер қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің тірегіне айналып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен жолдауда жүктелген міндеттерді орындауда олардың белсенділігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырылады.
Жалпы, әйелдер кеңесінің жұмысы – тек әлеуметтік қолдау немесе қоғамдық шаралар ғана емес, ол – әйелдердің өз мүмкіндігін танып, қоғам игілігі үшін еңбек етуіне бағытталған жүйелі қадамдардың жиынтығы.