Түркістанда өзбек этномәдени бірлестігінің тіл, мәдениет және салт-дәстүр күні өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада диаспора өкілдерінің ұлттық болмысы паш етілді.
Мерекелік іс-шара өзбек этномәдени бірлестігі ұйымдастырған ұлттық көрмені тамашалаумен басталды. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан Марат Әзілханов Ассамблея жұмысының мән-маңызына тоқталып, өзбек қауымдастығының белсенділігіне ризашылық білдіріп, жоғары баға берді.
МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– Өзбек этносы еліміздің мәдени мұрасын байытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Биыл ҚХА мыңдаған іс-шара өткізіп жатыр. Оның ең белсенділерінің бірі – өзбек қауымдастығы.
Өңірдегі Сайрам, Сарыағаш, Келес, Сауран аудандарында, сондай-ақ Түркістан қаласында өзбек этносы көп шоғырланған. Олар жергілікті халықпен тату-тәтті, бірлікте өмір сүреді. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қоғамдық келісім мен ел бірлігі тұрақты дамудың басты драйвері екенін атап өтті. Ассамблея жұмысын жоғары бағалап, атқарылған істерге тоқталды.
ЕРТАЙ АЛТАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– 30 жылда ҚХА ел дамуына, тұрақтылығына орасан зор үлес қосты. Яғни, бірлік пен татулықтың символына айналды.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, мәдениет қызметкерлері өзбек ұлттық әуендерін шырқады. Ұлттық аспаптарды таныстырып, дәстүрлі киім үлгілерін көрсетті. Сондай-ақ атқарылған жұмыстардың есебі беріліп, алдағы жоспарлар пысықталды.
ЭРКИНЖАН АБДУКОЮМОВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ КОНСУЛДЫҚТАҒЫ БІРІНШІ ХАТШЫ
«Бүгінгі мереке өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ең бастысы – ынтымақ пен татулық. Өзбек пен қазақ халқы ежелден бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлікте өмір сүріп келеді. Бүгінгі іс-шара соның айғағы.»
Мерекелік жиында этносаралық татулықты нығайтуға және еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл», «Дуслик қауымдастығына – 30 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.