Қазақстан шетелде оқитын студенттер саны бойынша әлемдегі үздік 15 елдің қатарына кіреді. Соңғы жылдары талапкерлер шетелді тек сапалы білім алатын орта ретінде ғана емес, жаңа мәдениетпен танысып, тәжірибе жинақтайтын мүмкіндік алаңы ретінде де қарастырып жүр. Дегенмен, білімнің құны тек географиямен өлшенбейді. Заман талабына сай қалыптасқан зияткер ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алады. Сондықтан шетелден алынған білім де, елде жинақталған тәжірибе де түптеп келгенде ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Өзге елдің білімі мен дипломы әрдайым мінсіз бе? Сарғайған қағаз емес, сарқылмас ілім іздеген жастардың таңдауы қаншалықты дұрыс? Аружан Самидиннің бейнематериалы.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Бүгінгі жас өз білім көкжиегін кеңейтіп, біліктілігін арттыруды мақсат етеді. Сол себепті шетелге шығып, оқуын жалғастыратындар саны артып келеді. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемдегі алғашқы 15 елдің қатарына кіреді. Қазіргі таңда шамамен 80 мыңға жуық қазақстандық шетелде білім алуда.
Өткен жылғы деректер бойынша, шетелде білім алатын жастар саны жөнінен Қытай көш бастап тұр. Одан кейін Үндістан, ал үздік үштікті Өзбекстан түйіндейді. Алайда жан басына шаққандағы көрсеткішке келсек, жағдай өзгеше. Бұл санатта Қазақстан, Өзбекстан және Сирия елдері алдыңғы қатарда. Геосаяси жағдайға қарамастан, бұл мемлекеттер жастардың шетелде білім алуына мүмкіндік беріп, халықаралық тәжірибе жинақтауына жағдай жасап отыр.
ӘЙГЕРІМ ШЕРІМ, САРАПШЫ
Қазір ата-аналар баланың қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Сондықтан Шығыс және Оңтүстік Азия елдеріне сұраныс жоғары. Себебі бұл елдерде гранттық бағдарламалар бар, өмір сүру құны қолжетімді және қолайлы орта қалыптасқан.
Білім көші әртүрлі бағытта дамып келеді. Жастар көршілес Ресей мен Қытайдың оқу орындарын, Түркия мен Еуропаның жетекші университеттерін таңдайды. Сондай-ақ сапалы білімнің орталығы саналатын АҚШ пен Ұлыбританияға деген қызығушылық та бәсеңдеген жоқ. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген маман америкалық білім жүйесінің артықшылықтарын атап өтті.
АРДАҚ МОНТАЕВ, ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
АҚШ-та инновация мен мотивацияға, сондай-ақ теорияны тәжірибемен ұштастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Студенттер алған білімін бірден тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады.
Дегенмен, сапалы білім алу үшін шетелге шығу міндетті емес. Бүгінде Қазақстанда да әлемдік университеттердің филиалдары ашылып, академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңейіп келеді. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ студенті Аяла Польшада білім алып, еуропалық оқу жүйесінің ерекшеліктерімен танысып қайтты.
АЯЛА БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ СТУДЕНТІ
Еуропада білім алудың артықшылықтары көп. Жаңа білім жүйесін көресің, шет тілін еркін меңгересің. Мен алты ай ішінде Польшаның мәдениетімен танысып, жаңа достар таптым.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Білім көші – тоқтаусыз үдеріс. Қазақ жастарының әлемдік деңгейде білім алып, озық ғылымды игеруі қуантады. Ең бастысы – сол білім ел игілігіне қызмет етсе игі.