Шымкент қаласында биыл 610 жұмыссыз тұрғынды кәсіптік оқытуға жолдау жоспарланған. Оның 450-і білім беру ұйымдарында, 160-ы жұмыс орындарында тәжірибелік форматта оқытылады.
Қазіргі таңда 420 азамат оқу бағдарламасына қатысып, жаңа мамандықтарды меңгеріп жатыр. Мәселен, «Сәнді-Өмір» оқу орталығында 20 тұрғын білім алуда. Олардың арасында визажист, шаштараз-стилист және тігінші мамандықтарын игеріп жүргендер бар. Оқу процесі теория мен тәжірибені ұштастыра отырып жүргізіледі. Ал жұмыс берушілер базасында оқыту толықтай өндірістік тәжірибе форматында өтеді. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан шәкіртақы төленеді. Білім беру ұйымдарында оқитындарға 43 574 теңге көлемінде ай сайынғы төлем қарастырылған. Ал жұмыс орындарында тағылымдамадан өтетіндерге 20 АЕК мөлшерінде жалақы беріледі. Сонымен қатар, оқу барысында құжат рәсімдеуге кеткен шығынды өтеу үшін 8 650 теңге бір реттік көмек қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыс берушілерден өтінімдер қабылдау жалғасуда. Жиналған ұсыныстар өңірлік комиссияның қарауына жіберіліп, оң шешім шыққан жағдайда азаматтар кәсіптік оқытуға жолданады.