Шымкентте жастарға арналған «Заң мен тәртіп» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Жиынға прокуратура қызметкерлері арнайы қатысып, интернет алаяқтық, суицидтің алдын алу және заң талаптарын сақтау жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


 Еркін форматта өткен кездесуге қаладағы жоғары оқу орындарының 500-ден астам студенті жиналды. Жастар көкейіндегі сұрақтарын қойып, құқықтық мәселелер бойынша нақты жауап алды. Мамандар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қоғамдағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіндірді.


ҚУАНЫШ БАУЫРЖАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» БАСШЫСЫ
Бүгінгі кездесу ерекше форматта өтеді. Негізгі баяндамашыларға көп уақыт бермей, жастармен ашық сұхбат алаңын ұйымдастырмақпыз. Осындай кездесулер жастардың ой-пікірін еркін айтып, маңызды ақпарат алуына мүмкіндік береді


Жиында жастарды заңсыз қаржылық схемаларға тарту тәсілдері, «дропперлік» ұғымы және банк карталарын бөтен адамдарға пайдалануға берудің салдары кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ жеке деректер мен жинақтарды қорғау жолдары айтылып, интернеттегі күмәнді ұсыныстардан сақ болу қажеттігі ескертілді.


 АЛМА САТҚАНБАЕВА, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ
Қазір интернет арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп барады. Сондықтан жастарға қаржылық пирамидалардан, жалған инвестициялық жобалардан сақтану жолдарын түсіндіреміз. Сонымен қатар банк есепшоттарын немесе карталарын бөтен адамға пайдалануға берудің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі бар екенін ескертеміз


Мамандар мұндай кездесулер жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, заңға деген жауапкершілігін күшейтетінін айтады. Тағылымды жиында студенттер де өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды.


ДУМАН ЗУЛПИКАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осындай кездесулерге жиі қатысамын. Әсіресе қаржылық сауаттылыққа қатысты ақпараттар пайдалы болды. Қазір интернет алаяқтық көбейген кезде мұндай түсіндіру жұмыстары өте қажет деп ойлаймын.


Кездесу соңында жастар құқықтық және қаржылық қауіпсіздікке қатысты сауалдарын қойды. Әсіресе интернет-алаяқтықтан қорғану, жеке мәліметтердің қауіпсіздігі мен қаржылық жауапкершілік тақырыптарына қызығушылық жоғары болды.