Шымкент қалалық перзентханасында туа біткен күрделі диагнозы бар нәрестеге шұғыл ота жасалды. 9 мамыр күні дүниеге келген сәбиге аноректальды аймақтың даму ақауы – анус атрезиясы анықталған. Бұл диагноз кезінде нәресте табиғи жолмен үлкен дәретке шыға алмайды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда уақытылы хирургиялық көмек көрсетілмесе, ішек өтімсіздігі, инфекциялық асқынулар және ағзаның улануы сияқты ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан ота ерте кезеңде жасалады. Бұл жолы хирургиялық араласу балалар хирургтары, неонатологтар және анестезиолог-реаниматологтардың бірлескен жұмысы нәтижесінде сәтті өтті. Қазіргі таңда нәрестенің жағдайы тұрақты, анасы мен баласы нәрестелер патологиясы бөлімшесінде бақылауда. Дәрігерлер туа біткен ақауларды ерте анықтап, дер кезінде ем жүргізу баланың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынын айтады.