Қазақстанда ақылы жолдардан жиналған ақшаның бір бөлігі енді үкіметтің қарызын жабуға жұмсалуы мүмкін. Яғни, ақылы тасжолдардан түсетін табыс мемлекет бұрын жол салуға алған несиелердің пайызын өтеуге бағытталмақ. Бұл бастаманы Қаржы министрлігі көтеріп отыр.
Жауапты ведомство мәліметінше, билік автомобиль жолдары туралы заңға түзетулер енгізуді қарастырып жатыр. Бұл өзгерістер ақылы жолдардан түскен қаражатты сол жол учаскелерін күтіп ұстауға ғана емес, сондай-ақ жолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу үшін мемлекет алған қарыздарды өтеуге де пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жүргізушілер төлейтін ақшаны республикалық және халықаралық маңызы бар, бірақ ақылы жүйеге кірмейтін өзге автомобиль жолдарын салуға жұмсау қарастырылып жатыр. Айта кетейік, «ҚазАвтоЖол» компаниясы 2025 жылы ақылы жолдардан 87 миллиард теңге жиналғанын мәлімдеген еді.