Шымкенттегі диагностикалық орталықта жасанды интеллектпен жабдықталған жаңа буындағы рентген аппараты іске қосылды. Денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекеме енді Оңтүстік Кореяда шығарылған премиум санаттағы DR GEM цифрлық жүйесімен жұмыс істейді.
Жаңа аппараттың басты ерекшелігі – өкпедегі өзгерістерді жасанды интеллект арқылы анықтай алады. Ақылды жүйе адам көзі бірден байқай бермейтін ұсақ патологияларды, пневмония белгілері мен ісіктің ерте кезеңдерін жоғары дәлдікпен көрсетеді. Бұл дәрігерлерге диагнозды жылдам қойып, емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді. Құрылғы заманауи «Stitching» функциясымен де жабдықталған. Яғни омыртқа немесе аяқ-қол сүйектерін толық ұзындығымен бір суретке түсіруге болады. Бұл әсіресе сколиозды анықтау мен ортопедиялық емді жоспарлау кезінде өте маңызды. Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе науқасқа түсетін сәулелік жүктемені азайтады. Есесіне санаулы секунд ішінде сапалы әрі анық кескін алуға мүмкіндік береді. Қазір орталықта осындай 3 заманауи цифрлық рентген аппараты жұмыс істеп тұр. Бұл пациенттерге қызмет көрсетуді жеделдетіп, тексеруден өтуді бұрынғыдан да қолжетімді ете түспек.