Шымкенттегі тарихи ескерткіштер жаңарып жатыр. Қаладағы мәдени мұра нысандарында тазалау, сырлау және жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қазір Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгерімінде тарихи-мәдени маңызы бар 50 ескерткіш бар. Мамандар олардың сәулеттік келбетін сақтап, сыртқы көрінісін күтіп ұстауға ерекше көңіл бөлуде. Ескерткіштерді күтіп ұстау жұмыстарын мердігер мекеме атқарады. Жұмысшылар нысандарды жуып тазалап, сырлап, бүлінген гранит тастарын жаңартып жатыр. Бүгінге дейін 630 шаршы метр гранит жабыны ауыстырылған. Қаладағы әр ескерткіш аптасына бір рет арнайы тазалаудан өтеді. Қазір бұл жұмыстарға 15-ке жуық маман жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, ескерткіштердің тазалығы ғана емес, техникалық жағдайы да тұрақты бақылауда. Айта кетейік, мұндай жұмыстар шаһардың тарихи келбетін сақтап қана қоймай, тұрғындар мен туристер үшін де қаланың көркін арттыра түседі.