«Елдің сеніміне кіріп, қыруар қаржысын қолды еткен “Назира Gold” бостандықта тайраңдап жүр». Әлеуметтік желі қолданушылары осылай деп пікір жазып, наразылық танытқан еді. Алайда мамандар бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Қаржылық пирамида құрып, алаяқтық жасады деп айыпталған тұлғаға сот 10 жыл жаза кескен. Кейін оның кәмелет жасына толмаған балалары бары ескеріліп, жаза өтеу мерзімі уақытша шегерілген.


 АЛМАС МАНАТҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жас балаларының болуына байланысты жазаны өтеу 1 жылға шегерілді.» «Бір жылдан соң заң талаптарына сәйкес ол өз жазасын өтеуді бастайды.»


 ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
«Елу берсең - жүз аласың, кемпір берсең - қыз аласың». Бұл - классикалық қаржы пирамидаларының ұраны. Бүгін салған жүз мың теңгені ертең ешқандай талапсыз миллион етіп қайтаруға уәде береді. Бірақ тегін ірімшік тек қақпанда болатынын ұмытпаған жөн.


 Мамандардың айтуынша, қазір жасанды интеллектінің көмегімен жұлдыздардың бейнесін дипфейк арқылы жасап, жұртты қаржылық пирамидаларға шақыратындар көбейген. Құзырлы органдар мұндай парақшаларды күн сайын бұғаттап, күрес жүргізгенімен, арада аз уақыт өтпей жаңа күмәнді жарнамалар қайта шығып жатады. Сондықтан мамандар қаржылық әрі құқықтық сауатты үнемі арттырып отыру қажет дейді. Айтуларынша, ешкім ешкімге жайдан-жай еселеп ақша бермейді.


 ДӘУРЕН ТҰРҒЫНБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
 – «Сіз айфон ұттыңыз дейді. Сіз жұбайыңызбен бірге шетелге саяхат жеңіп алдыңыз дейді. Мұның бәрі — пирамиданың, алаяқтықтың белгілері.» «Қаржылық пирамидаларға ақша салушылардың ішінде кәсіби салымшылар да бар. Олар мұнда қаржы пирамидасының белгілері бар екенін біледі. Бірақ алғашқы 1-3 ай ішінде ақшамызды пайызымен қайтарып аламыз деп, мұны кәсіпке айналдырып алғандар кездеседі. Қазір біз солардың да жауапкершілік мәселесін қарап жатырмыз.»


 Жарқыраған жарнамаға сеніп, қаржыны желге шашпас бұрын ұсынысты жан-жақты зерделеген абзал. Ол үшін мамандармен кеңесіп немесе «Байқа, пирамида!» атты ресми Telegram-боттың көмегіне жүгінуге болады. Қала тұрғыны Анэль Әлімбекқызы да күмәнді ұсынысты осы бот арқылы тексеріп, компанияның алаяқ екеніне көз жеткізген.


 АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 – «Маған пирамидадан ұсыныс түскен еді. Сол кісілердің ұсынысын ботқа салып көрдім. Тексерсем, ол адамдар шынымен күдікті екен.» «Сол арқылы басым бір бәледен аман қалды.»


 Мамандар әлеуметтік желілерде тараған жарнама мен ақпараттарға көзсіз сеніп, соңынан еріп кетуге болмайтынын ескертеді. Егер қаржы пирамидасының құрбаны болсаңыз, дереу құзырлы органдарға арыздану қажет. Сонда ғана салған қаржыны қайтарып алу мүмкіндігі артады.