Шаһарда есірткі қылмысының алдын алу бағытында кешенді шаралар жүргізіліп келеді. Бүгін құқық қорғау органдарының өкілдері М. Әуезов атындағы ОҚУ-де студенттермен кездесіп, жат қылықтың құқықтық жауапкершілігін түсіндірді.


Ел ертеңі – санасы сергек, тәні сау, ойы ұшқыр жастардың қолында. Кездесуде «Нашақорлық – қоғам дерті» екенін алға тартқан спикерлер студенттермен ашық сұхбат құрып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сала мамандары саналы таңдау жасаудың маңыздылығына тоқталып, есірткі мен құмар ойындардың құрдымға кетіретінін баса айтты.


 ҚАРАҚАТ МҰСАБАЙ, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚУ СТУДЕНТІ
«Нашақорлық – қазіргі қоғамның дерті. Бұл әсіресе жастар арасында белең алып жатқандықтан, бұл қылмыспен күрес жүргізу маңызды. Жалпы, әрдайым біздің оқу орнымызға мамандар келіп, бұл бағытта түсіндірме жұмысын жүргізіп тұрады.»


Басқосуда құқық қорғау органдарының өкілдері шаһарда тіркелген соңғы криминогендік деректерге талдау жасап, бұл бағытта қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді. Оңай олжаға алданып, сан соғып қалған тұрғындардың оқиғасы да баяндалды.


 БАУЫРЖАН КӘРІБЕКОВ, ШҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
«Жалпы, жыл басынан бері қалада есірткі қылмысына қатысты бірнеше іс тіркелді. Әсіресе, синтетикалық есірткіге қатысты жағдайлар бар. Біз бұл қылмысқа қатысты парақшаларды бұғаттап, қылмыстың алдын алу және дер кезінде анықтау бағытында жұмыс атқарып жатырмыз.»


 Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Шаһарда жыл соңына дейін 500-ге жуық профилактикалық шара өткізу жоспарланған.