Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс сапары барысында қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына 25 жаңа мамандандырылған автокөліктің кілтін табыстады.


Жаңа көліктер шұғыл әрекет ету қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, тұрғындарға көрсетілетін жедел медициналық көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған. Барлық автокөлік заманауи медициналық құралдармен толық жабдықталған. Атап айтқанда, кардиографтар, дефибриллятор-мониторлар, электрлі сорғылар, өкпені жасанды желдету аппараттары, оттегі баллондары және науқастарды тасымалдауға арналған арнайы зембілдер бар. Айта кетейік, жедел жәрдем автопаркінің жаңаруы шақыртуларға жедел әрекет ету уақытын қысқартып, тұрғындарға көрсетілетін шұғыл көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қала әкімі жаңа техниканы тиімді пайдалану, оның үнемі дайын болуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты қызметтерге автопарктің техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, жедел медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыруды тапсырды.