18 – мамыр – Халықаралық музей күні. Осыған орай қаладағы бірнеше мұражай ашық есік күнін өткізді. Келушілер тарих беттерін парақтап, өткенге шегініс жасады. Рухани қуат алып, мәдени мұралармен танысты.
Абай саябағында орналасқан Хәкім музейі – Семейдегі Абай музейінің көшірмесі. Мұнда ұлы ойшыл қолданған тоғызқұмалақ, самауырын, астау, кереует сынды тұрмыстық құралдар бар. Келушілер данышпан жайындағы таным-түсінігін кеңейтіп, мол ақпар алды.
ЖАНАР ШАМШИДИНҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ ХӘКІМ АБАЙ МУЗЕЙ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
– «Аптаның 7 күні 10:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейміз. 3 экспозициямыз бар. Абайды зерттеген ғалымдардың кітаптары бар.»
Хәкім Абай музейі бүгін 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Осы аралықта данышпан мұрасын насихаттап, тұрғындарға таныту мақсатында үздіксіз іс-шаралар легі өтеді. Ақынның өлеңдері оқылып, композиторлық шығармалары шырқалады. Абайтанушылар сөз сөйлеп, зерттеу еңбектерімен бөліседі.
ҒАЛИЯ АЙЫМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Абай атамыз қара сөздерінде қоғамның қандай болуы керек екенін, ізгілік әрекеттерді қалай анық жазып кеткен, қараңызшы.» «Абай атамыз мәңгі қазақтың санасында өмір сүре бермек.»
Ашық есік күні саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде де өтті. Мұражайда елім десе етегі жасқа толып, қазақ десе қабырғасы қайысқан алаштықтар жайында мол мағлұмат бар. Сондай-ақ суық саясаттың салқыны тиіп, репрессияға ұшыраған басқа да азаматтар жайында ақпарат жинақталған.
БІРЖАН ӘБДІҚАЛИ, ҚАЛАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ МУЗЕЙІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Бүгін 10:00-ден бастап түнгі 12:00-ге дейін музейде түрлі іс-шаралар өтетін болады.» «Осы күні музейге келушілердің саны әдеттегіден көп болады. Келушілерге есігіміз ашық, бүгін мұражайға кіру тегін.»
Мұражайға келгендердің дені – оқушылар. Шәкірттер тарихтағы ақтаңдақтар жайында мәлімет алып, қазақ халқын оқуға, білім алып, ғылыммен айналысуға шақырған боздақтар тарихымен танысты.