Халықаралық музейлер күнінде қаладағы бес бірдей музейде танымдық кештер мен қызықты экскурсиялар ұйымдастырылды. «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде жұлдызды гид келушілерді ашық аспан астындағы мұражаймен таныстырып, экспонаттардың тарихы туралы айтты. Сондай-ақ іс-шара аясында кешенде театрландырылған қойылымдар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, шеберлік сағаттары қолға алынды.
Қытайлық гид Гүлбахар Жуасбекқызы Қазақстан тарихын жақсы зерттеп меңгерген. Ол аспан асты елінен келетін туристерге еліміздің көрнекті орындары мен тарихи мекендерін таныстырып жүр. Халықаралық музейлер күнінде Шымқала тарихи-мәдени кешеніндегі жәдігерлер туралы ақпар беріп, тарихы жайында айтты.
ГҮЛБАХАР ЖУАСБЕКҚЫЗЫ, ЭКСКУРСИЯ ЖЕТЕКШІСІ
«Қазақтың көп тарихын біліп, басқа ұлттарға таныстыру үшін құлшыныспен жұмыс істеп жатырмын. Қазақстан елі күшті, кең байтақ жері бар қазақ деген елім бар. Сол үшін қазақтың қандай тарихы бар, қандай мықты халық екенін Қытайдан келген туристерге түсіндіріп, ертіп жүрген жайым бар. Көне қалаға келгенде қазақтың тарихын түсініп, барлығы риза болып жатады.»
«Шым қала» тарихи-мәдени кешені – Шымкенттің ең көне тұрағы, мыңдаған жылдық өркениеттің тірі куәсі. Бұл – жай ғана музей емес, қаланың тарихи жадын, рухани болмысын және мәдени мұрасын сақтаушы ашық алаң. Айтулы датаға орай мұнда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, келушілерге тарихты жаңа форматта жеткізуге ден қойылып отыр. Ал «Жұлдызды гид» «Көне Шымкент тұрғындарының өмірі мен тұрмысы» бейнеленген экспозиция залында экскурсия жүргізеді.
МЕЙІРЛАН ЖАНДАРБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК ЖӘНЕ ЭКСПОЗИЦИЯЛЫҚ КӨРМЕНІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне қарасты бес музейдің барлығында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне арналған іс-шаралар өткізіледі. Бағдарлама таңғы 10:00-ден кешкі 22:00-ге дейін ұйымдастырылған. Сағат 10:00-де мектеп музейлерімен бірлескен іс-шаралар өтсе, түске таман белгілі қолөнершілер мен кәсіпкерлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Одан әрі қарай «Түнгі музей» бағдарламасы өтетін болады.»
Айта өтейік, іс-шара Әбілхан Қастеев атындағы Шымкент қалалық өнер және дизайн колледжімен бірге ұйымдастырылуда. Мереке аясында қаладағы бірқатар ардагер қызметкерлер марапатталатын болады.