Дәстүрге айналған ашық аспан астындағы концерттік бағдарламалар мегаполис тұрғындарының көңілінен шықты. Кезекті кеште қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері өнер көрсетті. Шым Сити саябағында өткен іс-шара тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.


 «Шымқала кештері» концерттік жобасы аясында бұл жолы сатира театрының майталмандары өнер көрсетті. Әртістердің қызықты қойылымдары көрерменді күлкіге қарық қылды. Халық көтеріңкі көңіл-күйде ерекше әсер алды.


Театр ұжымының интермедиялық қойылымдары көрерменнің көңілінен шықты. Әртістердің айтуынша, тұрғындар концерттік кешті асыға күтеді. Кеш басталар уақытта амфитеатр лық толып отырады.


 Айта кетейік, концерттер шеруі қаланың 5 аймағында: Дендросаябақ, Көл, Кеңбаба, орталық және Шым Сити саябақтарында әр аптаның сенбі күндері өтеді. Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл кештер қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды жалғастырып келеді.