Биыл КСРО Суретшілер одағының мүшесі, қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушылардың бірі – Батырбек Өтептің туғанына 80 жыл. Осыған орай рухани астанада ауқымды көрме өтті. Қылқалам шеберінің 20-дан астам туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияға қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық дүниетанымын бейнелейтін таңдаулы гобелендер мен көркем шығармалар қойылған.


Батырбек Өтеп 1946 жылы Түлкібас ауданында туған. Суретші гобелен өнерінде жаңашыл бағыт қалыптастырып, қазақ қолданбалы өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның «Түркі дастаны» атты триптих-гобелені Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциялық кешенінде сақтаулы. Сондай-ақ «Той», «Дастархан», «Аударыспақ», «Айтыс», «Аманат», «Бәйтерек» сынды туындылары да қазақ гобелен өнерінің алтын қорына енген.


Шебердің шығармалары Швеция, Бельгия, Түркия, Венгрия және Моңғолия елдерінде өткен халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, түрлі дипломдармен марапатталған. Бүгінде суретшінің туындылары Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, көрме дирекцияларында, КСРО көркемсурет қорында және әлемнің бірнеше музейі мен галереясында сақтаулы. 2005 жылы Шымкенттегі «Өнер» дарынды балаларға арналған мектебіне Батырбек Өтеп есімі берілген.


Көрмеге қала тұрғындары мен қонақтары, өнер және мәдениет қайраткерлері, Суретшілер одағының мүшелері қатысты. Көз көргендер мен әріптестері суретші жайындағы жылы естеліктерін айтып, шығармаларының қыр-сырына үңілді.