Шымкентте кезекті рет «Ана тілі және отбасы» қалалық байқауы өтті. Қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мен білім басқармасының әдістемелік орталығы ұйымдастырған шараға ұлттық мектептер қатысып, қазақ тілінің мерейін үстем етті.


Шымкент – тіл мен дәстүр тоғысқан қала. Мұнда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Байқауға қаладағы 16 мектептің оқушылары қатысып, өзара бақ сынады.


ГҮЛШАТ ЖАҺАНҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
 Бұл жолы байқауға қаладағы 16 ұлттық мектеп қатысып отыр. Мақсат – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, отанға сүйіспеншілікті арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.


 Білім беру саласында ана тіліміздің абыройын арттыруға бағытталған бұл додада салт-дәстүр кеңінен насихатталды. Шараға қатысушылардың қарасы қалың болды.


ӘБДЕЗ ИМАНҚҰЛОВ, «ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ
 Биыл байқауға қатысушылар саны артты. Іріктеу нәтижесінде 16 мектеп қатысты. Бұл – қазақ тіліне деген құрметтің артып келе жатқанының көрінісі.


Жарыстың алғашқы кезеңінде қатысушылар халық ертегілерінен көрініс қойып, тыйым сөздер мен салт-дәстүрге қатысты білімдерін көрсетті.


АЙШАТ БОТАБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ӘДІСКЕРІ
Байқау бес кезеңнен тұрады. Қатысушылар мақал-мәтелдер, тыйым сөздер, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып бойынша өзара сынға түседі.


Байқауға №112 мектептің оқушылары да қатысты. Мектеп басшылығының айтуынша, оқушылар қазақ тіліне ерекше құрметпен қарайды.


 ШАКИЗАТ ТҰРСЫНБАЕВА, №112 ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
 Біздің мектепте 600 оқушы білім алады. Оның 200-ден астамы қазақ тілінде оқиды. Байқауға үш күн дайындалдық. Оқушылардың тілге деген құрметі жоғары.


Қазақ тіліне деген құрметті арттырған бұл дода тартысты өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау алдағы уақытта да жалғасын табады.