Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде жасанды интеллект технологияларын енгізу қарастырылған. Сондай-ақ адами капиталды дамытуға негізделген заманауи әрі инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыру көзделеді.


Жаңа жарлық жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде елдің білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Құжатта оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасап, цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы адами капиталды дамыту міндеті қойылған.


АЛМАТ ЖҰБАТАЕВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
 Бұл тек қана жарлық емес, бұл — үлкен бетбұрыс. Әлем жасанды интеллект жүйесіне көшіп жатқанда, біз ол көштен қалып қоймауымыз керек. Бұл — Президент саясатының нақты көрінісі. Енді Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекке дейін арнайы жобаны әзірлеп, дайындауы тиіс.


 Жарлықта шағын жинақты ауыл мектептерін қолдауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім ошақтарын заманауи техникалық құралдармен және сапалы цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Алғашқы кезеңде пилоттық жоба аясында еліміздегі 2600-ден астам шағын жинақты мектептің шамамен 500-ін қамту жоспарланған.


 АЛМАТ ЖҰБАТАЕВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Білім басқармасының жылдық жоспарына сәйкес, жасанды интеллектіге байланысты бірқатар іс-шара жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.


 Бұдан бөлек, педагогтердің біліктілігін арттыру мен цифрлық құзыреттерін дамытуға ерекше назар аударылмақ. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект технологиялары мұғалімді алмастыру үшін емес, педагогтің кәсіби мүмкіндігін кеңейтіп, әкімшілік жүктемені азайтуға және оқушылармен жеке жұмысты тиімді ұйымдастыруға арналған қосымша құрал ретінде қолданылмақ.