Түркістан қаласында жауын-шашынды жасанды көбейту жобасы іске қосылды. Қазақстан бұл бағыттағы технологияны тәжірибеде қолданған өңірдегі алғашқы ел атанып отыр. Жоба су тапшылығын азайтып, егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, қуаңшылық жиі байқалатын оңтүстік өңір үшін бұл бастама маңызды қадам болмақ. Бұл жоба БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асуда.
Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары аймақ. Сондықтан егін алқаптарын тұрақты суару, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи технологияларды енгізу – біз үшін өте маңызды. Бүгінде бүкіл әлем климаттың өзгеруі, жауын-шашын көлемінің азаюы және су ресурстарының тапшылығы сияқты күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым көңіл бөліп келеді. Республикадағы суармалы жерлердің төрттен бір бөлігі, яғни 575 мың гектар жер Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану – стратегиялық маңызды міндет. Жаһандық климаттың өзгеруі оңтүстік өңірлерге өз әсерін тигізуде. Бұл мәселені шешу үшін су үнемдеу технологиялары қарқынды енгізілуде. Соңғы үш жылда 114 мың гектар жерді заманауи жүйеге көшірілген. Алдағы бес жылда қосымша 250 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылды. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, жайылымдардың өнімділігі артады.