Қарашаңырақ Қызылорда облыстық филармониясы Шымқала жұртшылығына өзінің таңдаулы туындыларын ұсынды. «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты гала-концерт өтті. Толығырақ оқиға орнынан тілшіміз Анэль Әлімбекқызы тарқатсын.
АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Сыр бойында туған өнердің үні ешқашан өшкен емес. Жырау мен термешінің ізі қалған өңірдің сазды мұрасы бүгінде сахнамен бірге жаңғырып келеді. Сол рухани керуен дәл қазір Шымкент көрерменімен қауышуда.
Екі өңірдің мәдени байланысын бекемдеген кеште Сыр елінің бай руханияты мен өнер мұрасы паш етілді. Қызылордалық өнерпаздар жыр-терме, ән-күй, классикалық туындылар мен заманауи бағыттағы шығармаларды үйлестіре орындап, оңтүстік жұртшылығына рухани кеш сыйлады.
Кеш шымылдығы И. Башкатовтың «Қызылорда» увертюрасымен түріліп, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының таңдаулы туындыларын орындады. Сахна төрінде қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытып жүрген майталман солистер классикалық шығармаларды жоғары деңгейде шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Белгілі режиссер Азиза Іздіқұлова сахналаған бұл өнер кеші Сыр өңірінің бай мәдени мұрасын паш етіп, ұлттық құндылықтардың сабақтастығын көрсетті.
АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Сырдың сазы мен жыры тоғысқан рухани кеш көрерменге ерекше әсер сыйлағаны анық. Ән мен өнер ордасы осы кездесу арқылы ұлттық мұраның өміршеңдігін тағы бір дәлелдегендей.