Түркістанда теңге ілуден ІІ Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға ондаған елден келген 40-қа жуық спортшы қатысып, кіл мықтыны анықтады.
Әлемдік алаңда шабандоздар «Қос құлаш», «Бес белес» және «Алтын тұяқ» бағыттары бойынша бақ сынады. Ат үстінде шауып келе жатып, ептілік пен шеберлікті ұштастырған спортшылар тартысты өнер көрсетті.
ТҮЛКІБАЗАТ ЕРМҰХАНБЕТҰЛЫ, ҚАТЫСУШЫ
Өткен жылы алғашқы әлем чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандым. Ол кезде барлық теңгені белгіленген уақыт ішінде жинадым. Бүгін «Қос құлаш» стилі бойынша өнер көрсеттім. Жалпы, екі стильді де жақсы меңгергенмін.
Халықаралық жарыста Түркістан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын қорғады. Бейбарыс Сапар қарсыластарына дес бермей, әлем чемпионы атанды. Ал «Алтын тұяқ» бағыты бойынша Қанат Бақтыбай күміс жүлдеге ие болды.
ТАЛАПБЕК ҚЫПШАҚБАЕВ, БАС ТӨРЕШІ
Бүгінгі жарысқа оннан аса елден келген спортшылар қатысты. Ұлттық құндылығымызды айшықтайтын шараның деңгейі жоғары. Алдағы уақытта «Алтын тұяқ» бағытына ерекше көңіл бөлінбек.
Түркістандық шабандоздар ІІ Әлем чемпионатында 1 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, ел мерейін асқақтатты. Ұлттық спортты дәріптеген дода Түркістан төрінде алдағы уақытта да жалғасын табады.