«Өзбекәлі Жәнібек кім?» Осы атаумен рух сардарын танытатын көлемді жинақ жарық көрді. Танымдық туындыны филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек жазған. Шығарманың басқа естеліктерден басты айырмасы – мұнда автор әрбір ойын халық талқысына салып, оқырманмен кеңесе отырып қағаз бетіне түсірген.


Алғашқыда автор «Facebook» талқысына «Өзбекәлі Жәнібек кім?» деген сұрақ тастайды. Зиялы қауым мен қалың бұқара сауалға тосырқамай, бірден түрлі нұсқа ұсынады. Құлбек Ергөбек пікірлердің бірін қалдырмай оқып, оқырманмен байланыс орнатады. Кейіннен ой-толғамдарды топтап, жаңа туындыға арқау етеді. Жазушылық машығын пайдаланып рух сардарының феноменін танытады.


 ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, ЖАЗУШЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР
– «Мұның авторы мен десе де болады. Менімен әлеуметтік желіде сырласа отырып пікір қосқан оқырмандар да кітапқа үлес қосты.» «Бұл оқырманмен сырласа отырып жазылған қазақ әдебиетіндегі тұңғыш еңбек»


Кітаптың тұсауы Өзбекәлі Жәнібеков университетінде кесілді. Зиялы қауым мен университет ұжымы пікір білдіріп, жазушы иығына шапан жапты. Оқырманның сөзінше, кітаптың мазмұны терең, берері мол.


 ӘЛІБЕК НҰРТАЕВ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРДЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
 – «Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың еңбектерін біз әрдайым дәріптеп жүреміз. Бұл кітап студенттер арасында қызығушылық тудырып отыр.»


 БЕКЗАТ МҮЙТЕНОВ, СТУДЕНТ
 – «Өзбекәлі Жәнібеков қоғам қайраткері. Жаңа кітаптан мен тың мәліметтерді алдым. Осы туынды арқылы рух сардары жайындағы танымымды одан сайын кеңейтемін деп үміттенемін.»


Жиын барысында оқырман мен жазушының үзеңгілес әріптестері қаламгер тұлғасына қатысты пікір білдіріп, еңбегінің орасан екенін жеткізді.