№2 қалалық ауруханада аритмология саласы бойынша тәжірибе алмасу шарасы өтті. Жергілікті мамандарға астаналық профессор Аян Абдрахманов арнайы дәріс оқып, 3 науқасқа ота жасады.
Аритмология - жүрек ырғағының бұзылуын анықтап, емдеумен айналысатын кардиология саласының күрделі бағыттарының бірі. Бұл дерт дер кезінде емделмесе, тромбоз, миокард инфарктісі, инсульт және жүрек жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. №2 қалалық аурухана мамандары аурудың алдын алу мен емдеу тәсілдерін кезең-кезеңімен енгізіп келеді.
Кенеттен пайда болатын аритмия кезінде жүректің қалыпты ырғағын қалпына келтіру үшін шұғыл медициналық көмек қажет. Мамандардың айтуынша, науқасты дер кезінде тексеріп, нақты диагноз қою емнің тиімді болуына әсер етеді. Отадан шыққан пациенттер қазір өздерін жақсы сезінеді.
Айта кетейік, №2 қалалық ауруханада мұндай ота алғаш рет жасалып отыр. Енді жергілікті мамандар тәжірибе негізінде аритмологиялық оталарды тұрақты түрде жүргізуді жоспарлап отыр.