«Музей – әр ұрпаққа қазына». Осындай атаумен «Ерлік» музейінде ашық есік күні өтті. Іс-шараға жастар мен оқушылар қатысып, оларға мекеме қызметкерлері танымдық экскурсия мен квест ойындарын ұйымдастырды. Сондай-ақ Таулы Қарабақ пен Семей сынақ полигонының ардагерлері экспозицияларға экскурсиялық шолу жасады.


 Іс-шараның мақсаты – музей қорындағы тарихи-мәдени мұраларды насихаттау, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру. Атаулы күнде оқушылар музей залдарындағы экспонаттармен және тарихи тұлғалардың өмірімен қызықты форматта танысты. Танымдық экскурсияны Таулы Қарабақ ардагері Мұрат Аманбаев жүргізді.


 МҰРАТ АМАНБАЕВ, «ТАУЛЫ ҚАРАБАҚ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН МҮГЕДЕКТЕРІНІҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОДАҒЫ» РҚБ-НІҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
 «Өткенін ұмытпаған елдің болашағы жарқын. Музейдегі жәдігерлер тек қана жәдігер емес, бұл – кешегі ата-бабаларымыздың тарихын бүгінгі жастарға таныстыру. Таулы Қарабақ ардагерлері жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, ағаларының ерліктерін насихаттау мақсатында осы бұрышты ашқанбыз. Біз қазір оқушыларға Таулы Қарабақ қақтығысы туралы, оның қашан және қалай басталғаны, Қазақстан сарбаздарының қандай миссия атқарғаны жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.»


Атаулы дата аясында «Ерлік» музейінде мектеп музейлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Оқушылар арасында танымдық сағаттар ұйымдастырылды. Сонымен қатар викториналық сұрақтар қойылып, ұлттық ойындардан жарыстар өтті.


 ЕРАЛХАН ЕРМАҚ, «ЕРЛІК МУЗЕЙІ» БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
 «Ерлік музейі бөлімінде таңғы оннан түнгі он екіге дейін жұмыс жасайды. Келушілерге ақысыз негізде қызмет көрсетеміз. Сағат он бірде арнайы қонақтар экскурсия бағдарламасымен келеді. Он екі мен бірдің арасында мектеп музейлерімен танымдық сағаттар мен квест ойындары ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар №112 мектеп музейінің Кеңес Одағының Батыры Ботабай Садықовқа арналған көрмесі осы музейде таныстырылып жатыр. Сағат екі мен төрттің аралығында келушілерге экскурсиялық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар кешке театрландырылған көрініс көрсетілетін болады.»


Айта өтейік, кешкі уақытта ерекше форматтағы «Музей түні» іс-шарасы өтеді. Шам жарығымен жүргізілетін экскурсия келушілерге музей атмосферасын жаңа қырынан сезінуге мүмкіндік бермек.