Сайрам ауданында даңқты қақпашы Құралбек Ордабаевтың құрметіне ардагерлер арасында үлкен футболдан турнир өтті. Доп додасына еліміздің түрлі өңірінен 11, көрші Қырғыз елінен 1 команда қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль және арнайы номинациялармен марапатталды.


Құралбек Ордабаев – Кеңес Одағының еңбек сіңірген спортшы-жаттықтырушысы. Шымкенттік «Металлург», «Мелиоратор» және алматылық «Қайрат» клубтарында доп тепкен. 1971 жылы ол «Қайрат» сапында халықаралық теміржолшылар кубогын жеңіп алды. Финалда алматылық команда Румынияның «Рапид» ұжымын 1-0 есебімен тізе бүктірді. Осы ойында Ордабаев асқан шеберлік танытып, қақпасын қарсылас голдан арашалап қалады. Спорттық мансабын аяқтаған соң да футболдан қол үзбей, өзі өнер көрсеткен «Қайратқа» жетекшілік жасайды. 1996–2000 жылдары Қазақстан футбол қауымдастығын басқарады. 76 жасқа толған ардагер әлі де алматылық ұжымда қызмет атқарып, ел футболын ілгері сүйреп келеді.


ЖОРАБЕК МҰСАБАЕВ, «ШЫМҚАЛА» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
– «Қазақстанды дүниежүзіне танытқан ағамызға тірі кезінде осындай чемпионат бермегенде қашан береміз? Кеткен соң ба? Өзіне хабарласып, ойымды айтқан едім, қуанып мақұлдады.»  «Бұйыртса жылда өткіземіз деген ниетіміз бар. Тірі кезінде тұлғаны құрметтеп беріліп жатқан бұл алғашқы турнир.»


Турнирге бұрындары доп тепіп, футбол ойнаған 50 жастан жоғары спортшылар қатысты. Тартысты өткен додада «Шымқала» командасы үшінші орынға тұрақтады. Ал Бішкектен келген «Жеңіс» пен жергілікті «Түркістан» ұжымдары финалға шығып, рухани астана қонақтарға жол берді. Мұндағы мақсат – аға буынға құрмет көрсетіп, жас буынға үлгі ету, – дейді ұйымдастырушылар.


ФАЙЗУЛЛА ОРДАБАЕВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
 – «Құралбек ағамызбен бірге ойнаған спортшылар келді түрлі қаладан. 60-тан асқан кісілер де ойнап жүр.» «Түркістан мен Жеңіс финалға шықты. «Шымқала» үшінші орын алды.»


Жарысқа ел футболының аңызы Құралбек Ордабаевтың өзі де арнайы қатысып, доп додасын бастан-аяқ тамашалады. Ризашылығын айтып, турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.


ҚҰРАЛБЕК ОРДАБАЕВ, КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН СПОРТШЫ-ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
– «Бүгінге дейін біз қайтыс болған кісілердің атына турнир ұйымдастырып отыратын едік. Ал бүгін міне өзім келдім осы турнирге, денім сау. Көрдім.»  «Әрдайым жақсылықта, осындай керемет турнирлерде кездесе берейік.»


 Турнирге қатысушылар дән риза. Олар бастысы жеңіс емес, ардагер спортшылардың бас қосып, қауышуы екенін айтады. Өткенді еске алып, жастар үлгі-өнеге көрсеткен аға буын алдағы уақытта да доп теуіп, бұқаралық спортты насихаттауға дайын екендерін айтады.