Шымкентте достық пен татулықтың символына айналған «Сабантой» мерекесі кең көлемде атап өтілді. Абай саябағында бас қосқан қала тұрғындары татар-башқұрт халықтарының бай мәдениетімен танысып, көңілді күннің куәсі болды.
Сан ғасырлық тарихы бар Сабантой – еңбек пен берекені ұлықтайтын рухани мереке. Биыл да бұл мейрам шаһар төрінде түрлі этностардың басын қосты. Салтанатты шара Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
СЕРДИАР НУРАЛИЕВ, ТАТАР-БАШҚҰРТ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ
Сабантой-татар-башқұрт ұлттарының мерекесі. Бүгінгі мейрамға көршіліс елдерден ағайындарымыз келді. Бұл күні би билеп, ән айтып, көңіл көтереміз.
Мереке аясында саябақ аумағында арнайы тақырыптық павильондар жабдықталды. Жиналған жұртшылық ұлттық тағамдар жәрмеңкесінен дәм татып, түркі халықтарының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіне тереңірек бойлады.
РАМИЛА ИСКАНДЕРОВА, ТАТАР-БАШҚҰРТ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұл мейрам астық науқанымен қатар келеді.Татар-башқұрт халқы керемет көңіл-күйде қарсы алып, мерекені тойлайды.Бүгін ән де болады, би де болады.Сондай-ақ, спорттық шара ұйымдастырып жатырмыз.Жеңімпазға сый ретінде қой беріледі.
Сабантой – жер-ананың иіп, алғашқы егін егу науқанының сәтті аяқталуын тойлайтын мейрам. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл мерекенің шығу тегі Еділ бұлғарларының дәуірінен бастау алады. Көне түркі тілінен аударғанда «сабан» – соқа, яғни егіншілік құралы деген мағынаны білдіреді. Бұл күні жұртшылық төгіле би билеп, әуелей ән салады. Әрі спорттық шараларға қатысып, бақ сынайды.