Ауыл шаруашылығы мен климаттық инженерия саласында жаңа жоба басталды. Түркістан өңірінде Орталық Азия бойынша алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде арттыру технологиясы іске қосылды. Бұл бастама су тапшылығының зардабын азайтып, мыңдаған гектар егістік алқапты қуаңшылықтан қорғауға мүмкіндік береді.


Түркістан өңірінде су тапшылығы мен топырақтың құрғауы жылдан-жылға өзекті мәселеге айналып келеді. Егін маусымында ылғалдың аздығы шаруаларға үлкен қиындық тудырады. Жаңа технология облыстағы 911 мың гектардан астам егістік жерді қуаңшылықтан қорғауға қауқарлы. Мамандар бұл жобаны диқандарға үлкен қолдау деп бағалап отыр.


 ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ
Өңірде алғаш рет жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиясы ауқымды деңгейде іске қосылып отыр. Бұл жоба ғылымға, халықаралық серіктестікке және цифрлық технологияларға негізделген заманауи климаттық инфрақұрылымды қалыптастыруға жол ашады. Жоба шетелдік сарапшылармен бірлесіп жүзеге асырылуда, сондай-ақ мамандарды оқытуға мүмкіндік береді.


Жобаның жұмыс істеу тәсілі ерекше. Арнайы ұшақтар бұлт қабатына тұз негізіндегі қауіпсіз реагенттерді шашады. Соның нәтижесінде ауадағы ылғал бірігіп, жауын түрінде жерге жетеді. Мамандардың айтуынша, бұл процесс қоршаған ортаға зиян келтірмейді және тек 5 шақырымға дейінгі аумақта әсер етеді.


ӘЛЖАБЕРИ АХМЕД АБДУЛЛА АХМЕД ӘЛИ, БАС ҰШҚЫШ
Шашуды бастамас бұрын біз алдын ала белгіленген координаттар бойынша ұшып, бұлттардың тығыздығын тексереміз. Кейін мәліметті операторларға жеткіземіз. Реагенттер шашылғаннан кейін бұлт тұрақты бақылауда болады. Жаңбырдың нақты қашан басталатынын дәл айту мүмкін емес, бірақ шамамен 5–40 минут аралығында жаууы мүмкін.


Алдын ала есеп бойынша, бұл технология өңірдегі жауын-шашын көлемін 10–20 пайызға дейін арттыра алады. Мұндай тәжірибе АҚШ, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері мен Францияда да қолданылады. Қазір жоба Түркістан өңірінде пилоттық режимде іске асуда. Егер тиімділігі дәлелденсе, басқа аймақтарға да енгізу жоспарланған.


 АБДУЛЛА ӘЛ-МАНДУС, БҰҰ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК МЕТЕОРОЛОГИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Бұл пилоттық жоба аясында ұшақтар конвективті бұлттарға тұз негізіндегі реагенттерді себеді. Соның әсерінен ұсақ тамшылар бірігіп, іріленіп, жауын түрінде жерге түседі. Жауын-шашын көлемі шамамен 20 пайызға дейін артуы мүмкін. Сонымен қатар, бағдарлама жергілікті мамандар мен ұшқыштарды оқытуды да қамтиды.


 Жасанды жауын технологиясы су қоймаларының деңгейін арттыруға да ықпал етеді. Сарапшылардың бағалауынша, бұл әдіс суармалы су шығынын азайтып, мемлекетке жылына шамамен 35 миллиард теңгеге дейін экономикалық тиімділік әкелуі мүмкін.