Жастарды алаңдататын өзекті мәселелер тағы да назарға алынды. Студенттер полицейлермен және мамандармен ашық форматта кездесіп, қоғамдағы зиянды әдеттердің салдарын бірге талқылады. Кездесуде нашақорлық, ойынқұмарлық және суицидтің алдын алу жайы кеңінен сөз болды. Мамандар мұндай қауіптердің жастар өміріне қалай әсер ететінін нақты мысалдармен түсіндірді.
Жиында жастарға тек ескерту ғана емес, нақты бағыт-бағдар да берілді. Нашақорлық пен құмар ойындардың адамды қандай тығырыққа тірейтінін мамандар ашық айтты. Сонымен бірге қиын сәтте дұрыс шешім қабылдау, психологиялық денсаулықты сақтау жолдары да түсіндірілді.
ӘСЕЛ МЕРГЕНБАЕВА, ПСИХОЛОГ
Біздің негізгі мақсатымыз – жастардың интернет арқылы түрлі арбауларға түсіп қалмауына жол бермеу. Қазір түрлі алаяқтық пен қитұрқы әрекеттер көп. Сондықтан ғаламторды саналы әрі дұрыс пайдалану өте маңызды.
Студенттер де белсенділік танытып, өз ойларымен бөлісті. Олар мұндай кездесулердің жастар үшін маңызды екенін айтып, қатарластарын зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ адамның ішкі жан дүниесіне көңіл бөлу, бір-біріне қолдау көрсету қажеттігі ерекше айтылды.
МАДИНА КАБИР, СТУДЕНТ
Бүгін көп нәрсе білдім. Осындай кездесулер үшін алғыс айтамын. Негізі жастар кейде өз құқықтарын толық білмейді, соның салдарынан түрлі қиын жағдайларға тап болып жатады.
Мамандардың айтуынша, мұндай ашық кездесулер жастардың ой-өрісін кеңейтіп, жауапкершілігін арттырады. Сондықтан осындай форматтағы шаралар алдағы уақытта да қаладағы өзге оқу орындарында жалғасын табады.