Шымкентте түн қойнауында тарих қайта жаңғырды. Көне шаһар төріндегі «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде дәстүрлі «Музей түні» ауқымды шара өтті. Қалалық музейлер бірлестігі ұйымдастырған кеш тұрғындар мен шаһар қонақтарын өткен ғасырлар өркениетіне саяхат жасатып, беймәлім тарих әлеміне жетеледі. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған рухани алаңнан тілшіміз баяндасын.


Күмбірлеген күй, ұлттық нақыштағы әуезді әуен және өткен күннің өшпес шежіресі. Бұл түні «Шымқала» кешеніне жиналған жұртшылық сонау көне дәуірлердің тынысымен қауышты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдени кештің басты мақсаты – тарих пен тағылымды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық мұраны кеңінен насихаттау. Шара шымылдығын ашқан театрландырылған қойылымдар тарихи кезеңдерді көрермен көз алдына қайта әкеліп, кештің мазмұнын тереңдете түсті


 МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Барлық музейде тақырыптық театрландырылған көріністер ұйымдастырдық. Мәселен, қуғын-сүргін музейіне келгендер сол кезеңнің атмосферасын сезініп, тарихқа қайта көз жүгіртті. Ал негізгі ауқымды шара осы тарихи-мәдени кешенде өтіп жатыр.


 Бұл жолғы «Музей түнінің» форматы мүлдем бөлек. Келушілер үшін арнайы «Жұлдызды гидтер» жобасы ұсынылды. Шараға арнайы шақырылған танымал тұлғалар мен өнер жұлдыздары экскурсия жүргізіп, жұртшылыққа тарихи жәдігерлердің құпиясын ашты. Осылайша, жиналған қауым танымал тұлғалармен бірге тарихтың терең қатпарларына үңілуге бірегей мүмкіндік алды.


ЕРЛАН АСКЕРИНИ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

Бүгінгі күннің басты жаңалығы – «Жұлдызды гид» жобасы. Келушілерге күнделікті экскурсия жүргізетін мамандар емес, елімізге танымал өнер жұлдыздары тарихи жәдігерлерді таныстырып жатыр.


Ауқымды рухани шараның шымылдығы әсерлі гала-концертпен түйінделді. Салтанатты кеш аясында өңірдің руханияты мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, қала әкімінің арнайы марапаттары табыс етілді. Бұл сәт мәдениет майталмандарының еңбегін ұлықтаған жарқын көрініске айналды.