«AMANAT» партиясы көшбасшылық қабілеттерді дамыту мен мемлекеттік басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа модульдік бағдарламаны іске қосты. Жоба аясында мәслихат депутаттары мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері арнайы оқудан өтуде. Бүгін академия лекторлары Шымкент қаласында кезекті оқу семинарын бастады.
Жаңа жобаның негізгі мақсаты – жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы кадрларды қалыптастыру. Саяси менеджмент академиясы әсіресе ауыл-аймақтарда бұл бағытта олқылық бар екенін айтады.
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, САЯСИ МЕНЕДЖМЕНТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жоба партияның кадрлық активінің функционалдық құзыреттерін дамытуға бағытталған. Негізгі мақсат – жергілікті жерлерде кәсіби әрі тиімді басқарушы кадрларды қалыптастыру. Жаңа бағдарлама басқарушылық қабілеттерді арттырып, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, стратегиялық ойлау мен мемлекеттік жобалық басқару дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.
Қатысушылар академияның арнайы лекторларынан «Жеке көшбасшылық және құндылық бағдары» бойынша білім алуда. Сонымен қатар семинарда «Өңірлер мен жергілікті қауымдастықтардың дамуын басқару» бағыты да оқытылып жатыр. Халықпен және командамен тиімді коммуникация орната алатын саяси көшбасшылар даярлау – негізгі міндеттердің бірі.
ЕРГЕН ЕРЖАППАРОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Оқу нәтижесінде қатысушылар нақты көрсеткіштерге негізделген жеке даму жоспарларын әзірлейді. Бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдау сапасын арттыруға, азаматтардың сұранысына жедел әрекет етуге және басқару тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, оқу семинары үш күнге жоспарланған. Оған мәслихат депутаттары, партияның аймақтық және аумақтық филиалдарының қызметкерлері, сондай-ақ бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатарынан 100-ге жуық адам қатысуда.