Оңтүстік өңірде ерте пісетін бақша дақылдарын жинау басталды. Жетісайлық шаруалар қауынның алғашқы өнімін шетел нарығына шығаруда. Ақпан айының соңында егілген көшеттер ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты жоспарланған 65 күнде емес, 80 күнде пісіп жетілді. Қазір сұранысқа сай өнімдер Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына жөнелтіліп жатыр.


Жетісай ауданының тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып келеді. Ол иелігіндегі 300 гектар жердің 260 гектарына мақта, ал 40 гектарына қауын көшеттерін еккен. «Әл-Фараби» шаруа қожалығы биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр.


ӘЛ-ФАРАБИ КҮЗЕНБАЕВ, «ӘЛ-ФАРАБИ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
 Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Дегенмен сұраныс жақсы. Аудан әкімдігі тарапынан ағын су арналары уақытылы тазартылып, су тапшылығы болған жоқ. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ешқандай делдалсыз, өнімді егістік басынан өзіміз тиеп жөнелтудеміз.


 Қожалық төрағасы егістікке қауынның «Нұр-Бакинка» сортын еккен. Қазір алғашқы өнім жиналып жатыр. Экспортқа жөнелтіліп жатқан қауынның бағасы да көңіл көншітеді. Егістік басынан өнімнің келісі 650 теңгеден сатылуда.


ЕРАСЫЛ ЗЕКЕН, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Биыл ауданда 17,1 мың гектар жерге бақша дақылдары егілді. Оның ішінде 14,2 мың гектарына қауын, ал 3 мың гектарына қарбыз дақылы орналастырылған. Алғашқы өнімді жинау жұмыстары 17 мамырда басталды. Өнімдер негізінен Ресей Федерациясына экспортталуда. Бақша дақылдарының орташа өнімділігі 300-350 центнерді құрайды.


Айта кетейік, биыл Жетісай ауданында 79,2 мың гектар суармалы жер игерілуде. Оның 44 мың гектарына мақта, 17,1 мың гектарына бақша дақылдары, 7,5 мың гектарына дәндік жүгері, 3,7 мың гектарына көкөніс және 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа егілген. Ауданда өсірілген ерте пісетін бақша өнімдеріне шетелдік нарықтан сұраныс жоғары.