Елімізде 1 шілдеден бастап жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан жаңа Ата Заң ресми түрде күшіне енеді. Қазір бұл маңызды құжаттың мазмұны ел арасында кеңінен насихатталып жатыр. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өңірлерде кездесулер өткізіп, жаңа өзгерістерді жан-жақты таныстыруда. Бүгін сондай жиындардың бірі Еңбекші ауданына қарасты Тоғыс елдімекенінде өтті. Мамандар тұрғындармен жүздесіп, Конституциядағы жаңашылдықтарды талқылады.
Жаңа Конституция елдің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейтуді көздейді. Тоғыстық тұрғындар бұл бастаманы қолдап, құжат ел дамуына серпін береді деген пікір білдірді.
МҰХТАР ӨСЕРБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Мәжіліс пен Сенатты таратып, орнына бір палаталы жүйе енгізу дұрыс деген пікір бар. Бұл заң қабылдау үдерісін жеңілдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықтық кеңес сияқты тетіктер де қажет деп санаймыз. Өйткені қазақ халқы әрдайым маңызды мәселелерді ақылдасып шешкен. Бұл бастамалар өз нәтижесін береді деген үміт бар.
Жиында тұрғындар қоғамда өзгеріс қажеттігін айтып, саяси жүйені жаңғырту – уақыт талабы екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңа Конституцияда адам құқығын қорғау, әлеуметтік әділеттілік және заң үстемдігіне ерекше мән берілгені айтылды.
СЕРІК ҚАЛТАЕВ, АҚПАРАТТЫҚ-НАСИХАТТЫҚ ТОП МҮШЕСІ
Көпшілікті мазалаған сұрақ – не үшін жаңа Конституция қажет болды деген мәселе. Уақыт талабына сай бұрынғы Конституцияға өзгерістер енгізіліп отырды. Соның нәтижесінде жаңа саяси модель қалыптасты. Бүгінде депутаттық жүйеге қатысты да жаңашылдықтар қарастырылған. Осы бағытта тұрғындармен пікір алмасу жүргізілді.
Жаңа Ата Заң елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, адамға бағытталған, әділетті және ашық мемлекет құруды мақсат етеді. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сайлау еркіндігі және заң алдындағы теңдік басты қағидат ретінде бекітілген.