Шымкенттік қаламгерлер ел ішін аралап, тарихи-мәдени орындарды зерттеп жүр. Көпшілік біле бермейтін көне жәдігерлермен танысып, тың деректерді қағазға түсірген. Жазушылардың публицистикалық мақалаларын оқыған жұрт бұрын сырттай ғана білетін мекендерге енді басқа қырынан қарай бастаған.


 ЖАҚСЫЛЫҚ СЫДЫҚБАЙҰЛЫ, ЖАЗУШЫ
– «Қазіргі Кремль бар ғой, Мәскеудегі.. Кремль бізде де болған екен, Сарайшықта. Оны Иван Грозный: «әлемде бір ғана Кремль болуы керек» деп жойып жіберген.»  «Соны өз кітабыма енгіздім мен.»


Экспедиция құрамында жазушы-журналистер Нармахан Бегалиев, Жақсылық Сыдықбайұлы, Әбідмәлік Ағыбай және Тұйғынбек Әлжігіт енген. Үш жыл ішінде олар Ұлы даланың көптеген тарихи аймағын аралап, көне орындардың шежіресімен танысқан. Ұмытылып бара жатқан аңыз-әпсаналарды жинап, халық ауыз әдебиетін зерделеген. Көрген-білгендерін газет беттері мен әлеуметтік желілерде жариялап келеді.


ӘБІДМӘЛІК АҒЫБАЙ, ЖУРНАЛИСТ
 – «Жезқазғандағы Ұлытау жерінде болдық. Хан ордасына бардық. Жошы хан мен Алаша ханның кесенесін көрдік. Домбауыл деген тарихи жерге табанымыз тиді.» «Соның бәрін біз баспасөз бетіне, әлеуметтік желілерге жарияладық. Қызығушылық танытқандар көп болды. Ғаламтордағы 2 мың оқырманым осы жазбалардан соң 5 мыңға дейін артты. Ұлытаудан соң Аралға бардық. Қазіргі жағдайын білдік.»


Танымдық сапар жайлы мақалалар мен жазбалар оқырман арасында үлкен қызығушылық тудырған. Әлеуметтік желі қолданушылары бұрын естіп-білмеген деректерге таңданысын жасыра алмай, түрлі пікір қалдырған. Көпшілік енді жазушылардың келесі сапарын асыға күтетінін айтады.


 АЙЗЕРЕ ӘБДІКЕРІМ, СТУДЕНТ
– «Жазушылар Қазақстанның көрікті, сұлу жерлеріне барып, тың мәліметтер алып келген екен. Қызығып қарап отырмыз.»«Қазақстанда біз білмейтін қатпар-қатпар тарих бар екен. Алдағы уақытта біз де сол жерлерге барып, тарихты түгендеп қайтқым келеді.»


Биыл қаламгерлер шетелге шығып, көрші Қарақалпақстанға да барып қайтты. Олар қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Төлеген Айбергеновтың рухына тағзым етіп, ас берген. Сондай-ақ Әл-Фараби кітапханасында оқырмандармен кездесіп, әдебиет пен тарих төңірегінде әңгіме өрбіткен. Жазушылар мұндай танымдық сапарлар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.