Шымкентте «Капитал» атауымен инвестициялық платформа ретінде жасырын жұмыс істеген қаржы пирамидасы анықталды. Күмәнді ұйымға 900-ден астам салымшы тартылып, жалпы салынған қаражат көлемі 700 млн теңгеден асқан.


 Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша тергеп-тексеруді жүргізуде. Тергеу мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан 20 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаражат тартып, 3–5 күн ішінде салым сомасының 30–50 пайызына дейін табыс уәде еткен.


ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ
Жаңа қатысушыларды тарту үшін психологиялық әсер ету тәсілдері қолданылған. Атап айтқанда, «жылдам табыс» туралы уәделер мен уақытпен шектелген ұсыныстар арқылы азаматтар қаржылық тәуекелдерді толық бағаламай, шешім қабылдауға итермеленген. Алайда уәде етілген табысқа кепілдіктер тек ауызша беріліп, нақты кәсіпкерлік қызметпен немесе қандай да бір шарттық міндеттемелермен қамтамасыз етілмеген. Шын мәнінде, салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 900-ден астам салымшы тартылып, жалпы салынған қаражат көлемі 700 млн теңгеден асқан. Тергеу амалдары жалғасуда.