Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер, жастар және белсенді азаматтармен кездесті. Киіз үйде өткен алқалы жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық әлеуеті және алдағы басым бағыттар талқыланды. Сонымен қатар облыс әкімі ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


Биыл Түркістан облысында бірқатар маңызды саяси және қоғамдық оқиғалар өтті. 15 наурызда тұрғындар референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде Мемлекет басшысы Түркістанға арнайы келіп, халықпен кездесті. Ал 15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылды.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммит қорытындысы бойынша Түркістанда атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Бұл – өңір үшін маңызды қолдау және үлкен жауапкершілік.


 2025 жылы Түркістан облысының сыртқы сауда айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, 34,6 пайызға өсті. Соңғы үш жылда экспорт көлемі 142 пайызға ұлғайып, 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Өңірдің сыртқы саудасында бес негізгі стратегиялық серіктес мемлекет бар.


ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өңірдің шикізаттық әлеуеті жоғары қосылған құнды өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді. Шикізатты терең өңдеу арқылы өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыруға болады.


Түркістан – агроөнеркәсіп саласында жетекші өңір. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Облыс мақта өсіру және өңдеу, сондай-ақ жеміс-жидек, бақша және ет өнімдерін экспорттау бойынша республикада алдыңғы орында.