Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта қалалық қоғамдық кеңес мүшелері экологиялық рейд ұйымдастырды. Мамандар ағаштардың қурауына себеп болып жатқан жабайы өскіндер мен қалың бұталарды кесіп, тазарту жұмыстарын жүргізді.
Мамандардың айтуынша, құнды ағаштардың түбінде өсетін жабайы шыбықтар негізгі діңге жарық пен ауа баруын шектейді. Соның салдарынан көпжылдық ағаштар жоғары бөлігінен бастап қурай бастайды. Қазір 117 гектар аумақты құрайтын саябақта алдымен адам көп жүретін аймақтар тазартылуда.
БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
Қоғамдық кеңес өкілдері осы жерге арнайы келіп, тазалау жұмысын көрсету арқылы тұрғындарға үндеу жасауды мақсат етті. Егер көпжылдық ағаштардың түбі уақытында тазаланбаса, олардың қурауына әкеледі. Мамандардың айтуынша, түптен өскен жабайы бұталар кесілген жағдайда ауа айналымы жақсарып, ағаштардың жағдайы қалпына келеді. Бүгін біз шамамен 2 гектар аумақты тазарту жұмыстарын жүргіздік.
Қоғамдық кеңес мүшелері мен коммуналдық мекеме қызметкерлері арнайы құралдармен келіп, жабайы өскіндерді орып, ағаштардың еркін тыныс алуына жағдай жасады. Мамандар мұндай жұмыстар ағаштардың табиғи дамуына жол ашатынын айтады.
ЕСДӘУЛЕТ ДОСТИЯРОВ, А.АСҚАРОВ АТЫНДАҒЫ ШЫМКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК ДЕНДРОЛОГИЯЛЫҚ САЯБАҚ ДИРЕКТОРЫ
Дендросаябақтағы негізгі мәселенің бірі – өздігінен өсіп шыққан жабайы өскіндер. Олар ағаштардың дамуына кері әсер етеді. Сондықтан тазарту жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Қалған аумақтар кезең-кезеңімен тазартылып, жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Жалпы, 2 гектар аумақ жабайы өскіндерден тазартылды. Игі іске шамамен 100-ге жуық адам қатысып, коммуналдық қызмет өкілдері де қолдау көрсетті.