Шымкенттегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасына көктемгі шақырылыммен 70 жас сарбаз келді. Енді олар алдағы бір жылын әскери қызметке арнап, ел қорғанысын күшейту жолында даярлықтан өтеді.
Жас сарбаздарды әскери бөлім басшылығы салтанатты түрде қарсы алды. Алдымен олар казармадағы тәртіппен, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ әскери киім үлгісін ретке келтіріп, алғашқы нұсқаулықтар берілді. Алдағы төрт аптада шақырылушылар бастапқы әскери дайындықтан өтеді. Бұл кезеңде олар саптық және дене дайындығын шыңдап, әскери-медициналық білім алады. Сонымен қатар қару қолдану, қауіпсіздік талаптары мен жалпыәскери жарғыларды меңгереді. Оқу-жаттығу барысында сарбаздар радиотелеграфист, радиолокациялық станция операторы және командалық пункт планшетшісі секілді әскери мамандықтар бойынша білім алады. Дайындық курсы полигондағы тәжірибелік жаттығулармен аяқталады. Бөлім басшылығы бұған дейінгі шақырылым сарбаздарының жауынгерлік даярлықта жоғары нәтиже көрсеткенін айтады. Биыл келген жас буын да сол дәстүрді жалғастырады деген сенім мол.
ЕРАЛЫ ТІЛЕУОВ, МАЙОР
Алдыңғы шақырылымдағы әскери қызметшілер бірнеше рет грамоталармен, естелік сыйлықтармен және ата-аналарына жолданған алғыс хаттармен марапатталды. Бұл олардың әскери қызметке жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
Алдағы 12 ай бойы сарбаздар тәжірибелі командирлердің жетекшілігімен әскери істің қыр-сырын меңгереді. Нәтижесінде Отан қорғауға дайын кәсіби жауынгер ретінде қалыптасады.