Енді елімізде көлік құралдарын тіркеу, жүргізушілерді даярлау және куәлік беру тәртібі жаңарады. Құжат Әділет министрлігі тарапынан тіркеліп, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен мақұлданған. Негізгі өзгерістер жайын тілші баяндайды.
АРУЖАН САМИДИН,ТІЛШІ
Енгізілетін нормаларда бірқатар өзгерістер бар. Енді көлік құралдарын сатып алу-сату, тіркеу немесе меншік иесін ауыстыру рәсімдері толық цифрландырылады. Аталған рәсімдер eGov порталы мен банк қосымшалары арқылы электронды цифрлық қолтаңба көмегімен рәсімделеді. Көлікті техникалық байқаудан өткізу де виртуалды форматқа өтеді. Тәртіп сақшылары көлік құралын фотоға түсіріп, 14 күнге жарамды электронды акт әзірлейді. Бұған дейін автоматты беріліс қорабымен емтихан тапсырған жүргізушілер механикалық көлікті басқара алмайтын. Ал жаңа ережеге сәйкес бұл шектеу алынып тасталады. Автомектептер толықтай цифрлық жүйеге көшеді. Оқу процесі арнайы платформа арқылы қатаң бақыланып, оқу аяқталғаны туралы куәлік тек электронды форматта беріледі. Емтиханға eGov немесе банк қосымшалары арқылы жазылуға болады. Үміткерлер биометриялық тексерістен өте алмаса, алты айға дейін тестілеуге жіберілмейді. Жаңа ережелердің басым бөлігі ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң, ал қалған бөлігі 12 шілдеден бастап күшіне енеді.