Шымкентте ҚР Парламенті Сенатының шахматтан үшінші ашық кубогы жалғасып жатыр. «Senat Open - 2026» турнирінің ширек финалдық кезеңі Көрме орталығында өтті. Бұл кезеңге іріктеуден сүрінбей өткен 150-ге жуық қатысушы жиналды.


Бұған дейінгі кезеңдерде білім, медицина, мәдениет, БАҚ және құқық қорғау саласының өкілдері өзара бақ сынаған. Енді үздіктер ширақ шахмат форматында кездесіп, келесі кезеңге жолдама үшін тартысуда.


ӘБДІХАДЫР ЯХИЯЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Өткен жылы ардагерлер арасында блиц шахматтан Қазақстан бойынша үшінші орын алдым. Сондай-ақ журналистер арасындағы «Медиа Cup» турнирінде чемпион болдым. Шахматты кеш бастасам да, бұл ойын адамды ойлануға, сабыр сақтауға үйретеді.


«Senat Open» - үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі турнир. Жыл сайын қатысушылар саны артып, жарыстың ауқымы кеңейіп келеді. Биыл өңір бойынша 150-ден астам адам тіркелген. Ережеге сәйкес, бұл кезеңге мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері де қатысуда.


 СЕЙТЖАМАЛ СҮПБАЕВ, ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Турнир Швейцария жүйесі бойынша 9 турдан өтеді. Әр ойыншыға 10 минут және әр жүріске қосымша 5 секунд беріледі. Бүгінгі кезеңде 150-ге жуық шахматшы бақ сынап жатыр.


 Турнир қорытындысы бойынша үздік 35 қатысушы Таразда өтетін жартылай финалға жолдама алады. Ал «Senat Open - 2026» жарысының финалы 26 маусымда Астанада өтеді.