Шымкентте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен күрделі оталар көбейіп келеді. Соңғы үш айда 200-ге жуық науқас тегін операция жасатқан. Бұрын шетелде ғана жасалатын ми, жүрек-қан тамырлары және ағза алмастыру оталарын бүгінде шымкенттік дәрігерлердің өзі жасап жүр. Мұндай емге кімдер қол жеткізе алады?
Құрманғазы Құлсалин №1 клиникалық ауруханада екінші рет ота жасатып отыр. Бұған дейін сол аяғына операция жасалған зейнеткер бұл жолы оң аяғындағы асқынуға байланысты дәрігер көмегіне жүгінген. Дәрігерлер оған МӘМС есебінен тіліксіз ота жасап, қан айналымын қалпына келтіруге кіріскен.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ҚҰЛСАЛИН, ЕМ ҚАБЫЛДАУШЫ
Мен 16 жылдан бері қант диабетімен есепте тұрамын. Оң аяғым үнемі мұздап, жансызданып қалатын. Дәрігерлер уақытында емделмесем, аяқты кесуге дейін баруы мүмкін екенін айтты. Қазір ота жасалды. Шүкір, жағдайым жақсы. Мұның барлығы медициналық сақтандыру есебінен болды.
Қымбат әрі жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі жыл сайын артып келеді. Қазір қалада мұндай қызметті 8 медициналық ұйым көрсетеді. Сақтандырылған азаматтар күрделі операциялар мен қажетті емді МӘМС жүйесі арқылы ала алады.
АРАПКҮЛ ІЗБАСАРОВА, МӘМС ҚОРЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұрын өзге елдерде жасалатын күрделі операциялар бүгінде Шымкентте де жасалып жатыр. Егер пациент сақтандырылған болса, мұндай ем түрлері қолжетімді. Жыл сайын қаржыландыру көлемі артып келеді. Соның арқасында жоғары технологиялық медициналық көмектер пациенттерге қолжетімді болып отыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қымбат операциялар мен күрделі тексерулерді қосымша шығынсыз алуға мүмкіндік береді. Қазір Шымкентте 1 миллион 100 мыңнан астам адам сақтандырылған. Оның 800 мыңға жуығы жеңілдік санатына кіреді.