Түркістанда 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай облыстық спартакиада жалауын көтерді. Дәстүрлі спорттық додаға мыңға жуық мемлекеттік қызметші қатысып жатыр.


Қатысушылар шағын футбол, волейбол, баскетбол, жүзу, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және қазақ күресі бойынша бақ сынауда. Жарыс бірнеше күнге созылып, жеңімпаздар жалпыкомандалық есеппен анықталады.


АЛДИЯР ҚОЗЫБАЕВ, САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мемлекеттік қызмет – бұл елге адал қызмет ету, халықтың сенімін ақтау. Ал мұндай ауыр да жауапты міндетті абыроймен атқару үшін денсаулықтың мықты, рухтың биік болуы аса маңызды. Спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, ол – ұйымшылдықтың, табандылықтың, мақсаткерліктің мектебі.


 Шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және әріптестік байланысты нығайту. Сондай-ақ үздік шыққандар республикалық спартакиадаға жолдама алады.


СҮНДЕТ НҰРАЛЫҰЛЫ, МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МАМАНЫ
Облыста өткен жылы 102 спорт нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға берілді. Биыл тағы 20 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл – мемлекетіміздің спортты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы.


Дәстүрлі дода қорытындысы бойынша үздік командалар марапатталады. Ал жеңімпаздар шілде айында өтетін республикалық спартакиадада Түркістан облысының намысын қорғайды.