Шымкентте көру, есту және зият қабілеті шектеулі балаларға арналған 5 арнайы мектеп жұмыс істейді. Бұл білім ордаларында тәрбиеленген түлектер бүгінде түрлі салада еңбек етіп, қоғам өміріне белсенді араласып жүр. Олардың қатарында спортшылар, өнерпаздар, ғалымдар мен жазушылар да бар.


 Сіз бен біз көретін әлемді елестетіп қана танитын «Сәт» триосы «Үміт» мектеп-интернатының түлегі. Өмір сынағына мойымай, өнерімен халық жүрегін елжіреткен жігіттер көпке үлгі, тағдырластарына мотивация. Мектеп директорының сөзінше, қоғам ерекше балаларды жатсынбайды. Олар да басқа азаматтармен қатар университетте оқып, маман атанып, жұмыс істеп, ел ісіне араласа алады.


ЗҮЛФИЯ ӘЛТАЙҚЫЗЫ, КӨРУ ҚАБІЛЕТІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «ҮМІТ» МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Біздің балалар Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатыр. Бірі музыкалық жетекші» «Өз орындарын тауып, спорт саласында тренер болып жатқан балалар бар» «Массаж саласына жақынбыз» «Биыл 12 оқушым мектеп бітіріп жатыр, соның 10-ы ҰБТ-ға барады. Грант ұтып, өз орнын тауып жатқан оқушыларымыз өте көп»


Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатта білім алатын Кәусар бос уақытында жүзумен, бимен айналысады. Республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізген. Болашақта дәрігер болуды мақсат еткен ол кітап оқып, ғылыми мақалаларды оқуды әдетке айналдырған.


 КӘУСАР ОРЫНБАСАР, №1 ЕСТУ ҚАБІЛЕТІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ

«Жұлдызай» балалар фестиваліне қатысып, топ жардым. Өнермен, спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Ым-ишара арқылы ән айту сайыстарына да қатысып, жүлдегер атандым. Кітап оқып, таным көкжиегімді кеңейтуді әдетке айналдырдым. Жақсы білім алып, ел дамуына үлес қосқым келеді.


Жауаптылардың айтуынша, ерекше балаларға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен оларды күтіп-баптап, арнайы білім беретін мамандар тапшылығы әлі де байқалады. Күрделі жұмысқа келетіндер мен ұзақ тұрақтайтындар аз. Бірақ ерекше балаларға шын ықылас танытып, сапалы білім беретін оқытушылар да жоқ емес. Мәселен, жыл басынан бері Шымкентте «Даралық әлемі» жобасы өтіп келеді. Мұнда балалар спорттық, мәдени жарыстарға қатысып, қабілеттерін шыңдайды.


 ГАУҺАР БАЛДАНБАЕВА, ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
– «Арнайы педагогтердің тәжірибесін, кәсіби құзыретін жетілдіру мақсатында түрлі оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Белгілі бір мәселелерге арналған дөңгелек үстелдер өтті»


«Даралық әлемі» жобасының қорытынды кешінде оқушылар сурет салу, ән айту, би билеу, спорттық сайыстар сынды байқауларда бақ сынады. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар көп алдында марапатталды.