«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Түркістан облысында модульдік оқыту бағдарламасын бастады. Үш күнге жоспарланған семинар кадрлық әлеуетті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жоба депутаттар мен партия өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттырып, халықпен жұмыс сапасын жетілдіруді көздейді.


Түркістан облысында басталған оқу бағдарламасына өңір бойынша мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, партия филиалдарының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері және қоғамдық-саяси сала өкілдері қатысуда. Бағдарлама үш кезеңнен тұрады және теориялық білім мен тәжірибені ұштастыруға негізделген.


ЖАНДОС ҚАЛТАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Бұл модуль үш кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезең – үш күндік оқыту семинары. Екінші кезең – шілде айында өтетін жобаларды қорғау. Ал үшінші кезең – күзде жүзеге асатын тәжірибелік жұмыс. Нәтижесінде қатысушылар алған білімін өз өңірлерінде қолданып, жергілікті дамуға серпін береді деген сенім бар. 


 Үш күндік семинарға барлығы 170 тыңдаушы қатысуда. Олар бес топқа бөлініп, кәсіби құзыреттерін жетілдіреді. Бағдарлама алты негізгі бағытты қамтиды. Оның ішінде мәслихат депутаттары үшін маңызды салық-бюджет саясаты, өңірлік даму мәселелері және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру тетіктері бар. Сондай-ақ халықпен тиімді байланыс орнату және азаматтардың өтініштерін жедел қарау мәселелері кеңінен қарастырылуда.


 ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Бюджет кодексін түсіндіру, оны тиімді басқару, сондай-ақ халықпен дұрыс коммуникация орнату мәселелеріне ерекше назар аударылады.


Семинар барысында тәжірибелі сарапшылар дәріс оқиды. Оқу интерактивті форматта өтуде: дәрістер, командалық тапсырмалар, тәжірибелік кейстер және пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылған. Бұл қатысушыларға нақты өмірлік жағдайларға бейімделген тәжірибе алуға мүмкіндік береді.