Бүгін Шымкентте жүз отбасы үшін ерекше күн. Көп жылдан бері күткен қуаныш орындалып, жаңа баспананың кілті табысталды. Қоныс тойының қуанышы тұрғындардың жүзінен анық сезіледі.


Баспаналы болғандардың қатарында Гүлзипа Айдарова да бар. Ол 2016 жылдан бері үй кезегінде тұрған көпбалалы ана. Бүгін ол көптен күткен жаңа пәтерінің кілтін алып, арманын ақиқатқа айналдырды.


ГҮЛЗИПА АЙДАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
2016 жылдан бері үй кезегінде тұрдық. Бүгін, міне, қуанышымыз қойнымызға сыймай, баспаналы болып отырмыз. Аллаға шүкір, осы күнге жеттік. Көптен күткен арманымыз орындалды. Баршаға жұғысты болсын.


 Жаңа пәтерлер Ақжайық шағынауданынан берілді. Тұрғындар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында қолжетімді баспанаға ие болды. Жүз отбасы үшін бұл жаңа өмірдің бастауы болмақ.


 ЛӘЗЗАТ ЕРКІНҚЫЗЫ, «ОТБАСЫ БАНК» БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ
 Бүгін Шымкентте 100 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. Олардың қатарында көпбалалы аналар, жетім және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.


Баспаналар «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы берілді. Әлеуметтік осал топтарға ерекше басымдық беріліп, тұрғындардың баспана мәселесін шешуге бағытталған.