Шымкентте кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Жыл басынан бері 15-рет ұйымдастырылған шара Еңбекші ауданының аумағында жалғасты. Тазалық жұмыстарына партия мүшелері мен белсенді жастар, коммуналдық мекеме қызметкерлері және қала тұрғындары қатысып, жалпы 100-ге жуық адам атсалысты.
Шымкентте биыл көктем жауын-шашынды болды. Ылғалдың молдығынан көк шөп қалың өсіп, қазір оның бір бөлігі сарғайып, қурай бастады. Бұл өрт қаупін тудыруы мүмкін. Сондықтан экологиялық акцияға қатысушылар алдымен жол бойындағы қураған шөптерді орды. Шашылған қоқыс жиналып, қураған ағаш бұталары кесілді. Қыз-келіншектер ағаштарды зиянкестерден қорғау үшін тал түптерін әктеді. Аяқжолдар сыпырылып, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды. Акция аясында қала аумағына 500 түп жасыл желек отырғызылды. Тазалық жұмыстары басталғалы бері қала тазалығына 3 мыңға жуық адам өз үлесін қосқан. Бүгінге дейін «Таза бейсенбі» акциясы аясында 80 тонна қоқыс жиналып, қала сыртындағы полигонға жөнелтілген.
АРАЙ БИЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Халықтың белсенділігі артып келеді. Қазір осындай акцияларға жұрт жаппай қатысып жатыр. Тазалықты ең алдымен әр адам өзінен бастауы керек. Өз ауласын, тұрған ортасын таза ұстау – әр азаматтың міндеті. Саябақтар мен қоғамдық орындардың тазалығы да әркімге байланысты.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері біз үшінші кезеңде жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде 100-ден астам «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылды. Қала тұрғындары, жастар қанаты, партия филиалы қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен 80 тоннадан астам қоқыс жиналды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.