Сәнді киім, қымбат мейрамхана, салтанатты кеш. Соңғы жылдары түлектер мектеп бітіру жиынын той-думанға айналдырып жіберді.Осы күнге дейін артық шығын ата-ананың қалтасына салмақ салып келгені рас. Бірақ, биыл бұл үрдіске Оқу-ағарту Министрлігі толықтай тосқауыл қойды. Енді ұстаздарға сыйлық беруге де қатаң тыйым салынады. Жаңа ережеде тағы қандай өзгерістер бар? Әріптесім Аружан Самидин баяндайды.


- Құптаймын.Мектеп бітіруші түлектердің өмірі енді басталып жатыр ғой.Артық шығындалып не керек?
 - Әуелі ата-ананың рұқсаты керек.Жалпы, жылдан-жылға тойлау жалғасып келе жатыр ғой.Жалғасып кете береді.
 - Бізде кортеж, тойлау кеші болды.Әр оқушы қалайды ғой тойлауды.Он бір жылда бір келеді.


Қоғам пікірі екіұдай болғанымен, Оқу-ағарту Министрлігі білім ошақтарындағы мерекелік жиынның тек бекітілген талаптар шеңберінде өтуін міндеттеп отыр. Бұл жолы «балам қатарынан қалмасын» дейтін ата-аналар сыйлық іздеп шарқ ұрып, шығын шыңырауына батпайды. Түлектерге кортеж жалдап, қымбат мейрамханада кешті тойлатуға рұқсат жоқ.


ГҮЛНАР ДӘРІБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
11-сынып түлектеріне аттестат беру рәсімі мектеп аумағында өтеді.Оқушыларға артық сән-салтанатқа, қымбат киім киюге тыйым салынады.


Шектеу тек мектеп бітірушілерге емес, балабақша, бастауыш сынып және колледж түлектеріне де ортақ. Тіпті, табиғат аясы мен демалыс орындарында бас қосып, серуендеуге де тыйым салынады. Жаңа ережені оқушылар құп көріп, сән-салтанаттың артық шығын екенін айтады.


АЯУЛЫМ ЖАҚЫПБЕКОВА, №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ
 Мен өзім артық шығындалғым келмейді.Қымбат киім алып, қаржы жұмсаудың қажеті жоқ.Мектеп форма бар.Қалған қажетті заттарға шамамен 20 мың теңге жұмсаймын.


 Мәселенің тек қаржылық емес, қауіпсіздік жағы да бар. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те бұл бастаманы қолдап отыр. Оның айтуынша, қымбат мейрамхана жалдап, түнгі уақытта қыдырудың арты қайғылы жағдайға ұласып жатады.


АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
 Қымбат мейрамхана, лимузин, коттедж жалдап, кешті тойлайтындар бар.Бұл мәселеге көңіл бөлу керек.Себебі, кей жағдайда соңы келеңсіз жайтпен аяқталады.Бітіру кешіне 300 мың, 500 мың теңге беріп қатысатындар да бар.Бұл кез-келгеннің қалтасын көтермейді ғой.


Шара тек мектеп ішіндегі бақылаумен шектелмейді. Бұл күндері құқық қорғау органдары күшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті жіті қадағалап, оқушылардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтпек.


ДАНАБАЙ АЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Жыл сайын мектеп бітіру кешінде шеру өткізіліп, қайғылы оқиғалар орын алып тұрады.Биыл сән-салтанатқа шектеу қойылды.Полиция департаменті тәртіпті қатаң қадағалауға алады.


Заң талабы қатаң. Алайда, ресми шектеулерге қарамастан, көлеңкелі бизнестің көрігін қыздырған кейбір тойханалар бұл тыйымға құлақ аспайтын көрінеді.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Алтын ұямен қоштасу- мейрамхананың зәулім залымен немесе қымбат көйлектің сәнімен өлшенбейді. Ал жаңа қабылданған ереже жастардың еркіндігін шектеуді мақсат етпейді. Себебі, қауіпсіздік-басты назарда.